Тәйтелі Гүлжан Әбдіхалыққызы – Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығы директордың м.а.

Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес туралы кешенді жоспарды іске асыру мақсатында 2025 жылдың наурыз айында «Тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігінен хабардар болу және АПВ-ға (адам папиллома вирусы) қарсы егу» айлығы өткізілуде.

Айлықтың негізгі мақсаты — онкологиялық ауруларды алдын алу шараларын жүргізу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, скринингтік тексеру кезінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, онкологиялық сақтықты және өз денсаулығына жауапты қарым-қатынасты қалыптастыру. Бұл арқылы онкологиялық аурулардың ауыртпалығын төмендету жолдарын халыққа түсіндіру.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі — онкологиялық аурулармен күрес болып табылады.

Жамбыл облысы бойынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша 9303 (2023 жылы 8740) адам қатерлі ісікпен есепте тұрады. Осы жыл ішінде қатерлі ісікпен алғашқы рет анықталған аурулар саны 1636 (2023 жылы 1621), аурушаңдық көрсеткіші 135,0 (2023 жылы 134,0), яғни аурушаңдық көрсеткіші аздап жоғарылаған, себебі облыс бойынша халық санының өсуіне және қатерлі ісіктердің ерте сатысында анықталуының артуына байланысты болып отыр.

Онкологиядағы негізгі көрсеткіш қатерлі ісікті ерте 0-I сатысында анықтау болып табылады, бұл көрсеткіш 2024 жылы 26,7% құрады, 2023 жылы 25,0%, яғни біршама жоғарылаған. Статистикаға жүгінсек, облыста 2024 жылы обыр ауруларының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан — 12,5%. Екінші орында — өкпенің қатерлі ісігі (10,2%), асқазан қатерлі ісігі (7,9%), жатыр мойнының қатерлі ісігі (5,8%).

Тоқ және тік ішек қатерлі ісігі туралы айтар болсақ, бұл қатерлі ісіктердің құрамы бойынша төртінші және бесінші орында тұр, яғни тоқ ішек қатерлі ісігі 4,8%, тік ішек қатерлі ісігі 3,4% құрайды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша тоқ және тік ішек қатерлі ісігімен 299 адам есепте тұрады (2023 жылы 274), алғашқы рет анықталған аурулар саны 137 (2023 жылы 136), аурушаңдық көрсеткіші әр 100,0 мың адамға шаққанда 11,2 (2023 жылы 11,1).

Адамның ең қымбат қазынасы — денсаулығы, оған немқұрайды қарауға болмайды. Бастысы, дер кезінде дәрігерге қаралу керек. Қатерлі ісікке тосқауыл қою үшін обырға әкеліп соғуы мүмкін деген ауруларды (предраковые заболевания) емдеу жұмысын аса назарға алу қажет. Яғни емхана, дәрігерлік амбулатория жұмыстарын жандандыру маңызды. Мысалы, тоқ ішек, тік ішек обырына әкеліп соғуы мүмкін ауруларды (полиптер, қатерлі ісік емес аурулар, кейбір жаралар) емдесе, ауру асқынбайды. Сондықтан әрбір адам емханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға қаралған кезде әйелдер мен ерлерді тексеру кабинеттерінен өтуі керек, себебі тексеру кезінде қатерлі ісік ауруларын ерте сатыда анықтауға болады.

Қатерлі ісікті анықтаудың бір жолы — нысаналы топтағы тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізу. Қазіргі таңда сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жалғастырылуда. Скрининг өтудің ережесі және мерзімдері туралы емхана мамандары түсіндіріп бере алады.

2024 жылы тоқ ішек, тік ішек обырын анықтаудан 58796 адам скринингтік тексеруден өтті. Тексеру барысында 17 адамнан тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі анықталды, оның 7-і (41,1%) I сатысында, 9-ы (52,9%) II сатысында, 1 адам (5,8%) III сатысында анықталды. Бұл скрининг бойынша нысаналы топтағы ерлер мен әйелдердің жасы 50-ден бастап 70 жасқа дейінгі аралықты қамтиды, және осы жастағы адамдар әр екі жыл сайын жергілікті емханада үдкен дәретте қанның бар болуы туралы анализ тапсыруы қажет.

Жергілікті қалалық және аудандық емханалар мәліметі бойынша шамамен 20-25% тұрғындар әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген, яғни медициналық көмек көрсетілмейді немесе тек ақылы түрде жүргізіледі. Бұл электрондық медициналық құжатқа кері әсерін тигізеді.

Бұған қоса айтарымыз, жыл бойы әртүрлі себептермен емханаға жүгінген кезде әйелдер мен ерлерді тексеру кабинеттерінен өтуі қажет, себебі тексеру кабинеттерінде көзге көрінетін қатерлі ісіктерді (тері, жатыр мойны, сүт безі, қалқанша безі, ауыз қуыстары, тік ішек т.б.) ерте сатыда анықтауға болады.

Сондықтан БАҚ құралдарының маңызы өте зор. Медицина ұйымдарымен бірігіп осы мәселелерді көтеру онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік туғызар еді.

2025 жылдың 29 наурызында облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығында, мекенжайы: Тараз қаласы, 14 ш/а, №8 үй, сағат 9:00-13:00 аралығында ашық есік күні өткізіледі. Тексеру тегін жүргізіледі.

Тоқ және тік ішек қатерлі ісігінің белгілері және оның себептері:

- әлсіреу;

- ауа жетіспеу;

- үлкен дәреттің дұрыс жүрмеуі, ритмінің бұзылуы;

- іштің қатуы, іштің өтуі;

- үлкен дәретке қанның араласуы;

- салмақ жоғалту;

- іштің ауыруы;

- іштің түйілуі және кебуі.

Осындай белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгіну керек.

Осыған қоса аурудың тұқым қууы, зиянды әдеттер (ішімдік, темекі тарту), дұрыс тамақтанбау (клетчаткасы аз тамақтар, мал майларын көп қолдану) маңызды факторлар болып табылады.

Тағы бір маңызды мәселе жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың бір түрі — 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы егу жұмысы. Бұл жұмыс әлем бойынша 107 елде жүргізіледі, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан да бар.

Жамбыл облысында АПВ-ға қарсы вакцинация 2024 жылдың күзінде 11 жасар қыздар үшін басталды, бұл өте маңызды, себебі жатыр мойны қатерлі ісігін болдырмауға үлкен әсер етеді. Вакцинациядан кейін асқынулар тіркелмеген.

Қалалық және аудандық емханалардың әйелдер кабинетінде тұрақты тексеру, гинеколог дәрігерде тексеру, уақтылы скринингтен өту жатыр мойны обырын ерте кезеңде табысты анықтаудың кепілі болып табылады және әйелдерге осы аурудан 100% емделуге мүмкіндік береді.

Ісік алдындағы ауруларды полиптер, жаралар, эрозиялар және қабыну аурулары сияқты дер кезінде сауықтыру маңызды. Өзіңізді сақтаңыз және денсаулығыңыздың қалған аспектілеріне қырағы болыңыз.

 

Изображение_WhatsApp_2025-03-26_в_14.15.03_9f1a4954.jpgИзображение_WhatsApp_2025-03-26_в_14.15.04_c4c74398.jpg