2025 жылдың 11 сәуірінде Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында медициналық тәжірибеде сирек кездесетін симультандық операция (бұл бір пациентке бір уақытта бірнеше хирургиялық араласу жасалатын медициналық тәсіл) сәтті өткізілді.
Пациент Ш.-ға кешенді тексеру жүргізу барысында (бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі және құрсақ қуысы ағзаларының компьютерлік томографиясы) оң бүйректе көлемді ісік анықталған. Сонымен қатар, сол жақ бүйрек тостағаншасында өлшемі 2,5 × 2,7 см болатын ірі тас пен қуықта 3,0 × 3,0 см көлеміндегі тас диагноздалған.
Бұған дейін жалпы емдеу желісіне қарасты медициналық мекемелерде тек қуықтағы тасты алып тастау бойынша операция жасалған, ал сол жақ бүйректегі тасқа қатысты ешқандай хирургиялық араласу жүргізілмеген.
Күрделі клиникалық жағдай Жамбыл онкоорталығында мультидисциплинарлық комиссияның отырысында қаралып, пациентке кешенді хирургиялық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
Онкохирург Қайрат Баймұхаметов аталған операцияны сәтті орындап шықты: оң жақ бүйрекке нефрэктомия (ісікті алып тастау), сонымен қатар сол жақ бүйрекке бір мезетте пиелолитотомия (тасты алып тастау) жасалды. Бұл тек қатерлі ісікті жоюға ғана емес, сонымен қатар болашақта қайталама операциядан сақтануға да мүмкіндік берді.
Бүгінде Жамбыл облыстық онкоорталығында халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жоғары технологиялы және бірегей хирургиялық операциялардың аясын кеңейту жоспарланып отыр.