Бүгін Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығында өткен аптада аталып өткен Медицина қызметкерлері күніне орай қызметкерлерге құрметті марапаттар табысталды.

Мекеменің екі маманы денсаулық сақтау саласындағы кәсіби шеберлігі мен сіңірген еңбегі үшін құрметке ие болды.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Ербол Сейлханов марапатталды. Ол — 1995 жылдан бері онкологиялық диспансерде қызмет етіп келе жатқан онколог-хирург. Ербол Бубаширханович — кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол маман. Ол өңірлік практикаға өңештің қатерлі ісігіне және басқа да күрделі жағдайларға жасалатын операцияларды енгізген.

Сондай-ақ, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Русланбек Молдақұловқа табысталды. Ол — өз ісіне мұқият, тәжірибелі және адал рентгенолог-дәрігер. Оның еңбегі онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауда ерекше маңызға ие.

Құрметті марапаттарды орталық директоры әріптестер мен ұжым мүшелерінің алдында салтанатты түрде табыстады. Ұжым марапат иелерін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, кәсіби табыстар мен жаңа жетістіктер тіледі.

IMG-20250620-WA0011.jpgIMG-20250620-WA0012.jpgIMG-20250620-WA0013.jpgIMG-20250620-WA0014.jpg